Бас прокуратура Айкөркем Мелдеханның ісіне қатысты пікір білдірді

Сот процесі іс материалдарында жариялауға жатпайтын құпия құжаттардың болуына байланысты жабық режимде өтіп жатыр
Sputnik
АЛМАТЫ, 14 тамыз - Sputnik. Қаңтар оқиғасында көз жұмған Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты іс Алматы гарнизонының әскери сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды Бас әскери прокуратура.
ҚР ҚК 1-тармағының 451-бабы 2-бөлігі "Билікті асыра пайдалану" деген айыппен әскери қызметші А.И.Жұманға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.
"Сот процесі іс материалдарында жариялауға жатпайтын құпия құжаттардың болуына байланысты жабық режимде өтіп жатыр", - деп мәлімдеді ведомство.
Қайтыс болған Айкөркемнің әкесі - Айдос Мелдехан мемлекеттік құпияларға рұқсаттың болмауынан сот процесіне жіберілмеген.
"Айдос Мелдеханға мемлекеттік құпияларға рұқсатты рәсімдеу бірнеше рет ұсынылды. Соның бірі 19 шілдеде Бас әскери прокуратура басшылығымен жеке қабылдауда да ұсынылды. Алайда ол оны рәсімдеуден және арнайы тексеруден өтуден бас тартты", - дейді Бас әскери прокуратура.
Ал адвокат пен Айкөркемнің туған ағасы – Бауыржан Мелдехановқа сот процесіне қатысуға рұқсат етілген. Өйткені оларға биыл сәуір және маусым айларында мемлекеттік құпияларға, тиісінше қылмыстық істің барлық материалдарына рұқсат берілген.
"Жәбірленушілердің құқықтарының сақталуын олардың мүдделерін білдіретін кәсіби адвокат қамтамасыз етеді. Ал көрінеу жалған мәліметтерді таратқандар заң бойынша жауапқа тартылады", - дейді прокуратура.