АСТАНА, 14 тамыз - Sputnik. Ресей шетелдік серіктестерге әскери техникалық құрылымда ынтымақтастықты дамытуды ұсынады, деді Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей басшысы "Армия-2023" форумына қатысушыларға әскери мамандарды оқыту мен оқу-жаттығуларды ұйымдастыруда өзара іс-қимылды дамытуды ұсынды.
"Қазірдің өзінде қалыптасқан кооперациялық байланыстар форматында белсенді жұмыс істеуге, сондай-ақ осындай тиімді серіктестіктің көп жылдық табысты тәжірибесіне сүйене отырып, жаңаларын құруға ниеттіміз. Түрлі бағыттар бойынша, соның ішінде кадрлар даярлауда, шетелдік әскери қызметшілерді оқытуда және олардың біліктілігін арттыруда, бірлескен командалық-штабтық және басқа да оқу-жаттығуларды өткізуде ынтымақтастықты дамытуды ұсынамыз", - деді Путин.
"Бұрынғыдай форум алаңдарында маңызды келісімдер мен экспорттық келісімшарттарға қол қойылады деп сенеміз. Форум - дамып келе жатқан көпполярлы әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін әскери және әскери-техникалық әріптестікті нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді ол іс-шараға қатысушыларға бейнежолдау арқылы.
"Армия" халықаралық әскери-техникалық форумы Ресей Қорғаныс министрлігінің қолдауымен 14-20 тамыз аралығында Мәскеу маңындағы Кубинкадағы "Патриот" саябағында өтеді.