АСТАНА, 14 тамыз - Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданындағы жолдардың бірінде бір топ адам көкпар тартқан, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
"14 тамызда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Талғар ауданы автожолдарының бірінде 10 адамнан құралған топ көкпар ұлттық ойынын ойнап, сол арқылы көлік құралдарының жол қозғалысына кедергі келтірген бейнежазба анықталғанын хабарлаймыз. Аталған дерек Талғар ауданының ПБ-да дереу тіркелді. Тексеру барысында оқиғаның 12 тамызда болғаны анықталды, қазіргі уақытта осы дерек бойынша ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізу басталды" делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметіне сай, іс материалдары сотқа жолданып, оның шешімі бойынша кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылатын болады.