АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Қазақстанның солтүстігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексергеннен кейін ауыз су тарифі айтарлықтай төмендеді. Ауылдардың бірінде судың бір текше метрі үшін тариф 1000 теңгеден 175 теңгеге дейін арзандады, деп хабарлады Петропавловск.news.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының 50 ауылында сумен жабдықтау тарифі 16-87%-ға төмендеген.
Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты 20 елді мекенде су тарифі орташа есеппен 150 теңгеге арзандады. Бұған дейін ауданда облыс бойынша ең жоғары тариф (Қарақоға ауылында – 375 теңге, Чистое ауылында – 375 теңге, Хлебороб ауылында – 400 теңге) болған.
Қызылжар ауданы Асаново ауылында бір текше метр суға 1000 теңге көлемінде тариф бекітілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тексерісінен кейін Булаев топтық су құбырынан тарату желісін тарту бойынша шаралар қабылданды. Нәтижесінде тариф 6 есеге жуық төмендеп, текше метр су бағасы 175 теңгені құрады.
"Біздің ұсынысымыз бойынша облыс әкімі табиғи монополиялар субъектілерін тікелей субсидиялау арқылы "Бір ауыл – бір тариф" пилоттық жобасын іске қосу туралы шешім қабылдады. Бұл облыс тұрғындарының ауыз суға тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді", - дейді Сергей Перов.