АСТАНА, 12 тамыз – Sputnik. Маңғыстау атом энергетика комбинатында (МАЭК) тағы апат болды, осы себепті Маңғыстау энергия торабының өнеркәсіптік тұтынушыларына электр қуатын жеткізу күн сайын шектеледі, деп хабарлайды KEGOK.
"2023 жылдың 11 тамызында Астана уақытымен сағат 14:20-да МАЭК ЖЭО-2 нысанында екі турбоагрегат сөндірілді. Бұл тұтынушыларды тоқтан ажыратуға себеп болды –Атырау энергия торабында 45 МВт-қа, Маңғыстау энергия торабында 98 МВт-қа", - деп хабарлады Kegoc.
Автоматиканың қалыпты жұмысы желі мен инфрақұрылым нысандарына келтірілетін ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік берді. Бірінші санаттағы тұтынушылардың, өмірлік маңызды нысандардың, соның ішінде ауруханалардың жұмысына залал келтірілген жоқ, деп хабарлады компаниядағылар.
Кейінірек сағат 16:30-да жаңа апат тіркелді – МАЭК ЖЭС-тегі үшінші блок сөндіріліп, жүктеме 147 МВт-қа төмендеді. Бұл Атырау энергия торабында электр қуатын тұтынуды 55 МВт-қа және Маңғыстау энергия торабында 35 МВт-қа шектеуге әкелді.
Апаттың салдары ГТЭС Қаламқас пен ГТЭС-200 Орал станцияларының жұмысында ақаулар туындауына себеп болды. Сағат 16:58-де Атырау және Маңғыстау энергия тораптарының жұмысы қалпына келтірілді.
12 тамыз сағат 01:00-дегі жағдай бойынша Маңғыстау энергетика торабында 108,5 МВт-қа жуық өнеркәсіптік тұтынушы шектелген.
МАЭК ЖЭО-ның 3-ші блогында апатты қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін желінің шамадан тыс жүктелуін болдырмау үшін Маңғыстау энергия торабының өнеркәсіптік тұтынушыларын күнделікті шектеу қажет болады. Бұл ретте тұрғындардың және әлеуметтік маңызы бар нысандардың қажеттіліктері бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.
МАЭК-тегі апаттар
2023 жылдың 3 шілдесінде "МАЭК" ЖШС жылу электр станциясының 1 энергия блогының апат салдарынан жұмысы тоқтауы кезінде Қазақстанның электр станциясының Батыс аймақтағы Маңғыстау және Атырау энергия тораптарының тұтынушыларын электр энергиясымен жабдықтауда кедергілер тіркелді.
МАЭК, одан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апат елді мекендерде жаппай жарықтың сөндірілуіне, Маңғыстау облысы мен Атырауда ауыз су берудің тоқтатылуына, сондай-ақ мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалуына әкелді.
Маңғыстау және Атырау облыстарындағы "Өзенмұнайгаз", "Маңғыстаумұнайгаз", "Қаражанбасмұнай" және "Ембімұнайгаз" кен орындарында мұнай өндіру ішінара немесе толығымен тоқтатылды.