Жамбыл облысының диқандарына құрғақшылық салдарынан келген шығын өтеледі

Sputnik
АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысында жұмыс сапары барысында премьер-министрі Әлихан Смайылов жергілікті егіншілермен кездесті. Сеңкібай су арнасы құрылысының барысын тексеріп, вегетациялық кезеңде суды пайдалану тиімділігін арттыру шараларымен танысты.
Әлихан Смайыловтың өңірлік ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесуі барысында субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыштар сатып алу, егістік сумен қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, құрғақшылық салдарынан болған егін шығынын өтеу туралы мәселе көтерілді.
Премьер-министр қазіргі уақытта өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлердің шығындарын өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.
"Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін барлығы есептеліп, тиісті қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ республикалық бюджеттен субсидияларға қаржы бөлу және оларды кешіктірмей төлеу мәселесін жылдамдатып жатырмыз. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының бақылауында", — деді Әлихан Смайылов.