Ресейдің СІМ өкілі газ одағы, шетелдік активтер және ЕАЭО болашағы туралы айтты

Sputnik
АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның үштік газ одағы басқа елдерді де қамтуы мүмкін. Бұл туралы Ресейдің сыртқы істер министрлігі Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Дмитрий Биричевский РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
"Газ саласындағы үшжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Оған басқа мемлекеттер де қызығушылық танытып отырғанын білеміз. Мұндай ынтымақтастық барлық қатысушылардың ұстанымдарын ескеру арқылы екі жаққа да тиімді болуы керектігін негізге ала отырып, оны кеңейтуге дайынбыз", - деді ол.
Сонымен қатар ресейлік СІМ өкілі Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге қарсы санкция мәселесі бойынша Орталық Азия елдеріне қысым көрсетуі аймақтағы жобалардың жүзеге асуына қауіп төндіретінін айтты.
"Шынында да, соңғы кездері АҚШ пен ЕО Орталық Азия аймағындағы Ресеймен тату тәуелсіз елдерге қысымды арттырып, оларды Ресейге қарсы санкцияларға қосылуға және біздің елмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты азайтуға мәжбүрлеуде. Вашингтон мен Брюссель бұл міндеттерді Ресейге қарсы іс-шаралар аясында жүзеге асыруды көздейді", - деді Дмитрий Биричевский.
Ол АҚШ пен оның серіктерінің мұндай әрекеттері мемлекеттердің екіжақты қарым-қатынастарына араласу болып табылатынын айтты.
"Мұндай әрекеттер іс жүзінде тәуелсіз сыртқы саясат пен сыртқы экономикалық бағыт құрудың еркін құқығын бұзады, Орталық Азия аймағындағы өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға қауіп төндіреді", - дейді ресейлік шенеунік.
Биричевский Ресейде өз жұмысын әлі де адал жалғастыруға мүдделі және Ресей заңнамасын сақтайтын компанияларға қауіп төніп тұрған жоқ екенін мәлімдеді.
"Шетелдік активтерді ұлттандыруға байланысты арандатушылық күшейіп, Ресейдегі өз мекемелерін сақтап отырған компанияларға өз елдерінде қысым көрсетіліп, олар қатаң сынға ұшырап жатыр. Бұл Батыстың Ресейге салған санкциялары мен экономикалық қысымының бір бөлігі", - деп айтты Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры.
Ресейлік СІМ өкілі Түркиядағы "газ хабы" жобасының параметрлері ең жоғары деңгейде әлі де талқыланып жатқанын хабарлады.
"Бұл бастаманы тікелей жүзеге асыруға келетін болсақ, оның параметрлері әлі де, соның ішінде жоғары деңгейде талқыланып жатыр. Газ тарату орталығын ұйымдастырушы ретінде Түркияның таңдалуы кездейсоқ емес. Соңғы жылдары "Түркия ағыны" газ құбырының іске қосылуымен бұл елдің Еуропа үшін транзиттік ел ретіндегі рөлі айтарлықтай өсті. Сонымен қатар Мәскеу мен Анкараның газ саласындағы ынтымақтастығы стратегиялық сипатқа ие және саяси қысымның ықпалында емес", - деді Дмитрий Биричевский.
Сұхбат барысында РФ СІМ департаментінің директоры Латын Америкасы және Африка елдері Еуразиялық экономикалық одақпен (ЕАЭО) сауда жүргізуде преференциялық режимге мүдделі екенін айтты.
"Көптеген мемлекет, сондай-ақ Латын Америкасы, Африка, Таяу Шығыс және Азия елдерінің бірлестіктері шынымен де ЕАЭО-мен преференциялық сауда режимін орнатуға қызығушылық танытуда. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе отырып, мұндай өтінімдерді экономикалық тиімділік тұрғысынан зерделеуде. Осы тектес бастамаларды пысықтау әлі аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта Мысырмен, Біріккен Араб Әмірліктері және Индонезиямен сауданы ырықтандыру бойынша ресми келіссөз жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді дипломат.