Қызылорда облысында жүргізуші көлігімен полиция қызметкерлерін сүйреп кетті

Салдарынан полиция қызметкерлері түрлі дене жарақатына алған
Sputnik
АЛМАТЫ, 11 тамыз - Sputnik. Қызылорда облысында жүргізуші көлігімен полиция қызметкерлерін 500 метрге сүйреп кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
8 тамызда Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің патрульдік қызметкерлері аймақ аралау барысында жолда жүру ережелерін бұзған көлік жүргізушісін тоқтатқан.
"Полиция қызметкерлері заң шеңберінде көлік жүргізушісіне автокөліктен түсіп, құжаттарын көрсетуін сұраған уақытта жүргізуші олардың заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан “ізін суытпақ” болған. Көлік жүргізушісі дөрекілік танытып, өзін өте агрессивті ұстады. Қарсылық көрсеткеннен бөлек ол көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп алып, көлікті тоқтату мақсатында әрекеттенген полиция қызметкерлерін көлігімен 500 метрге дейінгі қашықтыққа сүйрей жөнелген", - дейді ведомство.
Салдарынан полиция қызметкерлері түрлі дене жарақатына алған.
"ҚР ҚК-нің 380-бабының 4-бөлігі 1-тармағына "Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік жүргізушісі Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік айып алаңына қойылды", - дейді полиция.