Астанада екі жұмысшы биіктен құлап мерт болды

20 және 27 жастағы екі жұмысшы 15-қабаттан құлап, оқиға орнында көз жұмды
Sputnik
АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Астанада салынып жатқан тұрғын үй кешенінің 15-қабатынан екі жұмысшы құлап, көз жұмды, деп хабарлайды қалалық полиция депаратменті.
Полицияның мәліметінше,10 тамыз күні "Алматы" аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне "A-City" тұрғын үй кешенінің құрылыс нысанында екі адамның биіктен құлап кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
"Анықталғандай, А.Байтұрсынов көшесінің бойында салынып жатқан 20 қабатты тұрғын үй кешенінің қасбеттік жұмыстарын жүргізу кезінде арқан үзіліп кетіп, монтаждау көтергішінен екі жұмысшы 15-қабаттан биіктен құлап кеткен. 20 және 27 жастағы жұмысшылар оқиға орнында көз жұмды", - делінген полиция хабарламасында.
Ведомство мәлім еткендей, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.