АЛМАТЫ, 11 тамыз - Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданында жаңа салынған мектеп тек екінші тоқсанда ғана пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қарасай ауданына қарасты Үштерек ауылындағы мектепте 1700-ден астам оқушы үш ауысыммен оқып келді. Өйткені бұл мектепке Үштерекпен іргелес Арай саяжайынан да оқушылар келіп оқиды.
Алматы облысында жаңа мектеп екінші тоқсанда ғана пайдалануға беріледі
© Айдана Дайырова
Ал Арай саяжайынан бірінші сынып оқушыларын қоспағанда, 500-ге жуық оқушы Үштерек ауылына барып оқиды.
"Жаңа мектеп салып береміз дегелі үш жыл болды. Салуын салды, бірақ үш жыл болды ол мектепке балаларымыз әлі бармады", - дейді ауыл тұрғындары.
Sputnik Қазақстан тілшісі жаңа мектеп құрылысын барып көрді. 600 оқушыға арналған білім ғимараты биік, кең.
Алматы облысында жаңа мектеп екінші тоқсанда ғана пайдалануға беріледі
© Айдана Дайырова
Қолданысқа берілсе, Арай ауылының талай оқушысының бағы жанайын деп тұр.
"Мектеп құрылысының үш жылға созылып кетуінің өзіндік себебі бар. Құрылыс басталғанда, елімізде карантин жарияланды. Сол уақытта құрылыс заттары да қымбаттады. Бастапқыдағы бағасынан қымбатқа шықты, содан қайта есептеу үшін біраз уақыт кетті. 8 ай тұрып қалды", - дейді мердігерлер.
Мердігердің айтуынша, ғимарат құрылысын қазіргі күні қосалқы мердігерден бас мердігер алған.
Алматы облысында жаңа мектеп екінші тоқсанда ғана пайдалануға беріледі
© Айдана Дайырова
"Бұған дейін қосалқы мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізген. Қазіргі күні бас мердігер өзі салып жатыр. Мектеп оқу жылының екінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Атүсті асығыс бітірмей, барлық жұмысты сапалы етіп, екінші тоқсанға қарай бітіріп береміз. Негізі мектеп жаңа оқу жылына дайын, бірақ құжаттар жағын толық рәсімдеп бітіруіміз керек", - дейді мердігерлер.
Алматы облысында жаңа мектеп екінші тоқсанда ғана пайдалануға беріледі
© Айдана Дайырова
Бұл мектепті салуға тапсырыс берген – Алматы облыстық әкімдігі. Ал әкімдік мамандары "Қанша ақшаға салынып жатыр?" деген сұрағымызға жауап қатпады.