Екібастұзда Тоқаевпен кездескен көпбалалы ананың өтініші орындалады

Sputnik
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Екібастұз қаласында мемлекет басшысымен болған кездесуде көпбалалы ана Аяна Смағұлова президентке өтінішін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
9 тамызда Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған болатын. Президент алдымен Екібастұз жылу электр станциясын жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты. Одан кейін қала тұрғындарымен кездесті.
"Президенттің Екібастұз тұрғындарымен кездесуінде қала тұрғындары атынан көпбалалы ана Аяна Смағұлова балаларға арналған шығармашылық үйін салу туралы өтінішін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өскелең ұрпақтың шығармашылық және интеллектуалды қабілеттерін дамытуға арналған әлеуметтік нысанды салу жөнінде шешім қабылданды. Нысанды қаржыландыру көзі табылды. Шығармашылық үйі демеушілердің есебінен салынады", - деп жазды Желдібай.
Ал облыс әкімдігі жаңа жобаны жүзеге асыру шараларын қадағалауға міндетті.