"Үшарал – Достық" жолының 90 шақырымы биыл пайдалануға беріледі

Sputnik
АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. "Үшарал – Достық" жол учаскесінің 90 шақырымы биыл пайдалануға беріледі, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазір құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр, жолдың барлық аумағы бойынша қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілген.
"Үшарал – Достық бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың 184 шақырымын жаңғырту көзделген. Жобаның құны – 61,2 млрд теңге. Бас мердігер – "АБК-Автодор НС" ЖШС", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетері, алғашқы 87 шақырым бойынша жол қозғалысы 2020-2022 жылдары ашылды. Бүгінде жұмыстар екі учаскеде жүргізіліп жатыр.
Мәселен, қазір 90-120 шақырым аралығындағы учаскеде 31 шақырымның 30-ында жабынның төменгі қабатын төсеуге байланысты жұмыстар аяқталып, барлық құбыр орнатылды.
Қазір жолшы мамандар жолға мастикалық-қиыршық тасты асфальтбетонды төсеп жатыр. Аталған жұмыстар16 шақырымның 14,2-сінде іске асырылды.
Сондай-ақ қардан қорғайтын қоршаулар, баспалдақтар мен тосқауыл қоршаулары орнату қолға алынды. Бұдан бөлек Ырғайты өзені арқылы өтетін көпірге арқалықтар қойылып жатыр. Бүгінге дейін 50 арқалықтың 46 данасы орнатылды.
Екінші учаскеге келсек, 54,2 шақырымның 49,8 шақырымында жабынның төменгі қабатын орнатуға байланысты жұмыстар аяқталды. Барлық су өткізу құбыры салынды. Қазір 10,73 шақырымның 6,25-іне жабынның жоғарғы қабаты төселді. Темірбетон материалдары 100%-ға дайын тұр.
Мердігердің айтуынша, 90-180 шақырым аралығындағы учаскені биыл желтоқсанда пайдалануға беру көзделген.