АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Атырау облысында лагерьге бара жатқанда пойызда қайтыс болған жасөспірімнің анасы халық арасында тараған әңгіменің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
7 тамызда бір топ бала "Атырау-Астрахань" пойызымен санаториге жолға шыққан. Бір жарым сағаттан кейін 13 жастағы Святослав Цаплин өзін нашар сезінген. Содан "Нарын" станциясына жедел жәрдем шақырылды. Бірақ бала қайтыс болды.
Анасы Тамара Цаплинаның айтуынша, Святослав бала кезінен ауырған.
"Адамдар балам тамақтан уланды деп жатыр. Жоқ, олай емес. Ол бала кезінен ауырған, тамырлары өздігімен жарылатын диагноз болды. Сол күні кеуде тұсындағы үлкен тамыры жарылып кеткен еді", - деді Цаплина.
Видеоны қоғамдық кеңестің мүшесі Сандуған Көкенова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Айта кетері, Атырау облысының білім басқармасы құзырлы органдармен бірлесіп, осы қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын тексеру үшін комиссия құрған болатын.