Өңірлер

Алматыда қоғамдық көлікте жүру құны 200 теңге болады

Sputnik
АЛМАТЫ, 9 тамыз – Sputnik. Мегаполисте жол жүру құны бұрынғы бағасынан 20 теңгеге қымбаттайды. Бұл туралы мәслихаттың VII сессиясында Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ол мегаполисте жол жүру құны тасымалдаушылардың шығындарының өсуіне қарамастан, 11 жылдан астам уақыт бойы өзгермегенін атап өтті.
"Қазіргі тариф тасымалдаушылардың шығындарын өтемейді, өйткені жол жүрудің нақты құны бекітілгеннен 3 есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялар түрінде жауыпкеле жатыр. 2020-2022 жылдар кезеңінде төленген субсидиялар сомасы 115,8 млрд теңгені құрады", - деп нақтылады Асқар Әмрин.
Шаһар басшының орынбасары жолаушылар үшін қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге артатынын мәлім етті.
"Қолма-қол ақшасыз төлеммен – 100 теңге, қолма-қол төлеммен 200 теңге мөлшерінде жаңа тарифтерді қолдану – биылғы жылы субсидиялар сомасын шамамен 10 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Оларды басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге болады", - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.
Жалпы, қоғамдық көлікті күніне 1,4 миллионға дейін адам пайдаланады.