Алматы облысында 6 балалы жалғызбасты ана далада қалды

Sputnik
АЛМАТЫ, 9 тамыз – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылында 6 баласы бар жалғызбасты ана далада қалды. Отбасының мәселесін Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Гүлнәр Құмышева ажырасқан, бауырында 6 баласы бар. Балалардың үлкені 12 жаста, ал кенжесі 3 жаста. Бұған дейін Алмалыбақ ауылындағы жекеменшік жатақхананың бір бөлмесін паналап келген.
Алматы облысында 6 балалы жалғызбасты ана далада қалды
"Екі жарым жыл осы жатақханада тұрдым. Ақшасын төлей алмаған кезімде ауыл әкімдігі көмектесіп, 6-7 айдың ақшасынтөлеп берді. Оларға рахмет! Бірақ сол бөлмені лас ұстайсың деп қайта-қайта жатақхана басшылығы тиісіп, ақыры кетуге мәжбүр болдым", - дейді көпбалалы ана.
Гүлнәрдың айтуынша, жатақхана басшысы айтқандай лас емес.
"Мен ондай лас адам емеспін, ылғи тиісе берді. Балаларың шулайды деп те тиіседі. Бөлмемде тарақан бары рас. Мен қанша дәрілесем де кетпейді. Бұл жатақханада тарақан тұрмақ, басқа бөлмелерінде қандала да бар. Қаншама рет дәріледі, бірақ одан пайда жоқ", - дейді Гүлнәр Құмышева.
Гүлнәрдың айтуынша, аядай бөлмедегі әжетхананың ластығында шек жоқ.
Алматы облысында 6 балалы жалғызбасты ана далада қалды
"Мен әжетхананы тазартып беріңіздерші деп қаншама рет сұрадым. Оны мен ластамадым, үстіңгі қабаттан келіп, бітеліп қалған. Шыдамай пәтерге көшейін деп шештім. Тіпті жылу батареясы жарылғанда да жөндеп бермеді. Еденге су өтіп, көгерген иіс шықты. Әрине содан кейін бөлме сасиды", - дейді көпбалалы ана.
Гүлнәр жақында жатақханадан пәтерге көшпек болған. Жатақхана басшылығынан заттарын сыртқа шығарып беруді өтінген.
"Қаншама рет бөлмеңді тазала деп ескерту айттық. Бірақ тазаламады. Жалпы, ол кісінің ластаған әжетханасын неге ел тазалау керек? Гүлнәрға біз үнемі көмектесумен келеміз. Азық-түлік, ақшалай болсын, ылғи көмегімізді аямаймыз, бірақ жатақхана тұрғындары оның ластығынан әбден шаршады. Ал заттарына келсек, ол өзі лақтыра сал деді. Іске жарамайтын заттар болған соң сыртқа шығарғанымыз рас, бірақ бүтін дүниесін шаққан жоқпыз", - дейді жатақхана басшысы Ольга Нұралинова.
Алматы облысында 6 балалы жалғызбасты ана далада қалды
Жатақхана басшылығының айтуынша, көпбалалы ананы жатақханадан ешкім қумаған.
"Ол ананы ешкім жатақханадан қуған жоқ. Осыдан бір апта бұрын пәтер жалдаймын, заттарымды шығарып тастай салыңыз деген өзі еді", - дейді Ольга Нұралинова.
6 балалы ана да жүгін ешкім лақтырып, жатақханадан қумағанын мойындап отыр. Тағар айыбы сол, сыртқа қой деп кеткен заттарының шағылып қалғаны.
1 / 4
Алматы облысында 6 балалы жалғызбасты ана далада қалды
2 / 4
Алматы облысында 6 балалы жалғызбасты ана далада қалды
3 / 4
Алматы облысында 6 балалы жалғызбасты ана далада қалды
4 / 4
Алматы облысында 6 балалы жалғызбасты ана далада қалды
Sputnik Қазақстан мәселені Ұмтыл ауылдық округінің әкімдігінен де сұрады.
"Гүлнәр Құмашева деген көпбалалы ананы біз бұрыннан танимыз, үнемі көмектесеміз. Міндетсініп тұрғаным жоқ, 7 айдың жатақхана ақысын өз қалтамнан төлегенім рас. Бұл кісінің жағдайы үнемі менің бақылауымда. Бұдан кейін де мәселені шешуге тырысамыз. Бірақ адам жатақханада тұрған соң расымен айналасын басқа үшін емес, балалары үшін таза ұстауы керек", - дейді Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Серік Қалижан.
Бұл отбасының мәселесін мектеп басшылығы да біліп отыр.
"Бұл жағдай туралы хабарымыз бар. Көмек әрине, міндетті түрде болады. Мектеп ұжымы тарапынан қаржылай көмек дайындап жатырмыз", - дейді Алмалыбақ орта мектебінің директоры Сәуле Махамбетова.