АЛМАТЫ, 8 тамыз - Sputnik. 2,5%-бен жеңілдетілген микрокредит алуға 5 мыңнан астам өтініш түсті, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған.
"Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды", - деп түсіндірді министрлік мамандары.
Микрокредит алуға ең көп өтініш Түркістан (700), Жамбыл (512), Алматы (401), Батыс Қазақстан (329) Қызылорда (317), Жетісу (318) облыстарынан түсті.
"Конкурстық комиссиялардың шешімімен 3169 жоба мақұлданды, оның ішінде 2385 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі.