Қылмыстық топ 4 жылда 18 млрд теңгенің жалған шоттарын жасаған

Sputnik
ПАВЛОДАР, 8 тамыз – Sputnik. Павлодар облысында 18 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шоттар ресімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың он қатысушысына үкім шықты.
Қылмыстық топтың қызметін 225 кәсіпорын пайдаланған, олардың қатарында шығындарын асыра бағалаған энергия беруші компания да бар, деп хабарлады қаржы мониторингі агенттігі.
"Павлодар облысындағы қылмыстық топ мүшелері материалдық сыйақы үшін жосықсыз кәсіпкерлерге 6,8 миллиард теңге сомаға салық төлеуден жалтаруға көмектесті", - делінген хабарламада.
Топ басшысы мен тоғыз мүшесі 26 аффилиирленген компанияны дербес тұлғаларға рәсімдеп, олардың атынан төрт жыл ішінде 18 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазып берген.
Контрагент - сатып алушыларға 560 миллион теңгеден астам сомаға салық төлеу туралы хабарлама берілді. Сондай-ақ тұтынушылар үшін 580 миллион теңгені өтей отырып, электр энергиясымен жабдықтау тарифі төмендетілді.
Ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі 8 жылға бас бостандығынан айырылды, қалған мүшелері 3 жылдан 8 жылға дейін темір торға тоғытылды.