АСТАНА, 8 тамыз - Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыда уланған балалардың жағдайы туралы айтты, хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ауруханаға 14 бала түскен болатын. Осы уақытқа 7 бала ауруханадан шығарылды.
“Қазіргі кезде олар дәрігерлерінің бақылауында. 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр, 4 баланың жағдайы оң динамикамен ауыр болып қалуда. Ал екі баланың жағдайы өте ауыр. Жағдайдың ауырлығы неврологиялық және интоксикациялық синдромына, тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр”, - деді Ғиният үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, алдын алу эпидемиологиялық тексеріс балалардың тамақтан уланбағанын және инфекциялық аурудың жоқтығын көрсетті.
“Дәрігер балаларды уытты заттан қатты уланды деп пайымдап отыр. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр”, - деп атап көрсетті Ғиният.
Естеріңізге сала кетейік, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, оның біреуі қайтыс болды.
Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға елде осындай мекемелерге кешенді тексерулер ұйымдастыруды тапсырды.