Пара алды деп айыпталған Қостанай судьясының ісі сотқа түсті

Sputnik
АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Қостанайда ірі көлемде пара алу үстінде ұсталған сот алқасының төрағасына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Барлық материал № 2 қалалық сотқа түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық сотқа сілтеме жасап.
Былтыр тамыз айында Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер бойынша алқа төрағасы Асқар Дарбаев 19 миллион теңгені пара ретінде алғанда ұсталған болатын. Оны ұлттық қауіпсіздік комитеті мен жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік мамандары құрықтады. Судья бір іс бойынша оң шешім шығарғаны үшін ақша алған. Дарбаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-бөлімнің 3-тармағы (ірі көлемде пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілді.
Облыстық соттың мәліметіне сәйкес, пара беруге делдалдық жасаған жеке кәсіпкер де жауапқа тартылып отыр.
"7 тамызда Қостанай қаласының №2 сотына Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер бойынша алқа төрағасы мен жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс түсті. Қазіргі кезде қылмыстық іс сот өндірісіне алынды", - делінген облыстық соттың хабарламасында.
Айта кетері, заң бойынша ірі көлемде пара алғаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның алпыс еселенгеннен жетпіс еселенгенге (1,1-1,3 миллиард теңгеге) дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.
Ал пара алу кезінде делдалдық жасағаны үшін параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге (190-380 миллион теңгеге) дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.