АСТАНА, 8 тамыз— Sputnik. Астана мектебіндегі футбол алаңындағы баланың өліміне кінәлілерді тергеу анықтайды, деп мәлімдеді оқу-ағарту министрі Ғани Бесембаев.
Үкімет кулуарында журналистер оқу-ағарту министрлігінің басшысынан бала өлімі үшін жауапкершілікті кім алатынын сұрады: мектеп әкімшілігі ме, баланың ата-анасы ма әлде футбол алаңының иесі ме?
"Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, ол аяқталғаннан кейін белгілі болады", - деді министр.
Ол оқу-ағарту министрлігі барлық мектептің спорт алаңқайы тексерілетінін хабарлады.
"Білім басқармалары кешеден бері менің тапсырмам бойынша барлық мектептің спорт алаңдарын тексеріп жатыр. Тек Астананың ғана емес, еліміз бойынша барлық мектептің спорт алаңдары мен құрал-жабдықтары тексеріледі", - деп түсіндірді Бейсембаев.
Еске сала кетейік, Астанада 10 жасар балаға мектеп ауласының футбол қақпасы құлап кеткен. Оқушы көз жұмды. Қайғылы жағдай елорданың №10 мектебінің аумағында болған.