Атырауда апатты үйде тұрып жатқан тұрғындар биліктен жаңа баспана беруді талап етті

Sputnik
АЛМАТЫ, 7 тамыз – Sputnik. Атырауда апатты үйде тұрып жатқан тұрғындар биліктен жаңа баспана беруді талап етті, деп хабарлады Almaty.tv.
Қабырғасы 1960 жылы қаланған тұрғын үйлер қазір құлаудың аз-ақ алдында тұр. Кезінде бұл баспаналарды қомақты қаржыға сатып алған бұқара "шенеуніктердің жағдай жасалады" деп сендіргенін айтады. Сол кезде тіпті 100 аула жобасына да енгізілетінін жеткізіп, уәде еткен екен. Бірақ жылдар өтсе де жағдай оңалмай тұр. Оның үстіне, үйдің маңында сауда үйі орналасқандықтан, түн ішінде тауар тасыған ауыр көліктер тыныштық бермейтін көрінеді.
"Ыстық су бірнеше айдан бері ағып тұр. Қаншама шығын? 114-ке хабарластық, су арнасына да айтылды. Ешқайсысы жолағысы жоқ", – деді қала тұрғыны Нұра Исалиева.
Атқамінерлердің айтуынша, кеткен кемшілікті тұрғындар өздері жөндеуге тиіс. Себебі баспана жекеменшік екен. Ал апатты деп танылған үйлерге қатысты қазір қалада екі бағытта жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Бірі – инвестор тарту арқылы іске асатын реновация бағдарламасы болса, екіншісі – әкімдік өздігінен жаңа баспана салуды қолға алыпты.
"Қазір біз Баймұқанов көшесіндегі 30 пәтерлік апатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Аяқталу мерзімі 2024 жылы деп жоспарлап отырмыз", – деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Әзірге тұрғындарға құрылысы жүргізіліп жатқан үйлердің аяқталуын күтуден басқа амал жоқ. Жұмыс толық біткенде ғана баспана көпшілікке пайдалануға берілмек. Жалпы өңірде апатты деп танылған 82 тұрғын үй бар екен.