Қоғам

Мектепке дайындық: базардағы баға қандай

Sputnik
АЛМАТЫ, 6 тамыз- Sputnik. Кезекті оқу жылы басталар уақытта базарларда сауда қызып, онда адам қарасы көбейген. Ата-аналар балаларының керек-жарағын түгендеп, мектепке дайындықты бастап кеткен. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі де базардағы бағаны бағамдап көрді.
Алматыдағы арзан базарлардың бірін аралап көрдік. Қарыс қадам аттаған жердің бәрі мектепке қажетті құрал-жабдыққа толы. Сауда қызған, ата-ана мен саудагердің жан-жаққа қарауға мұршасы жоқ.
"10-сынып оқитын ұлыма бір ғана шалбар мен костюмді 35 мыңға алдым. Одан бөлек жейдесіне 10 мың теңге кетеді. Оқу құралдарын алған жоқпын, өйткені былтыр алып қойғанмын", - дейді баласын мектепке дайындап жүрген ата-ананың бірі Жанат Тоқтаров.
Ер балаларға арналған бешпет-шалбардың да түр-түрі бар. Ең арзаны 28-30 мыңнан басталады.
Мектепке дайындық: базардағы баға
"Спорттық киімін 16 мың теңгеге алдым. Ал дене тәрбиесі сабағына киетін сапасы онша емес шалбар мен ақ футболка сатып алсаң 10 мың теңге кетеді. Ал сапасы жақсысы терлетпейді. Олардың бағасы 20 мыңға шығады", - дейді Айнұр Жапарова есімді ата-ана.
Ал 7-сынып оқитын ұлына туфлиді Назира есімді ата-ана 19 мыңға алған.
"Мен қайта түсіріп, жаппай сатылым науқаны болып жатқан арзан жерден алдым. Әйтпесе былғары туфлидің бағасы 30 мыңның айналасында сатылып жатыр. Бір қыз, бір ұлыма тек аяқ киім алу үшін 30 мың теңгеден астам ақша шығардым", - дейді Назира Әбуова.
"Бірінші сыныпқа баратын ұлыма туфлиді 10 мың теңгеге әрең түсіріп алдым, ал спорт костюмін 13 мың теңгеге алдым. Қыздардың белдемшесі мен костюмін 16 мың теңгеге алдым. Сапасы онша емес деген жейде 5000 теңге тұрады", - дейді Толғанай есімді ата-ана.
Ұл балалардың классикалық костюмі 28-35 мың теңгеден жоғары
мектеп шалбары – 5000 теңгеден жоғары
Жейде мен кофта – 5000 теңгеден жоғары
Спорт костюмі – 13 мың теңгеден жоғары
Спорттық шалбар – 8000 теңгеден жоғары
Аяқ киім (классикалық туфли) – 15 мыңнан жоғары
Қыздардың бантигі – 1000 теңгеден жоғары.
Киімдердің өлшемі мен сапасына қарай баға өсіп отырады.

Кеңсе тауарлары былтырғыдан 15%-ке қымбаттаған

Ал оқу құралдарына келсек, мектеп сөмкесінің ең арзаны – 5 мың теңгеден. Сапасына қарай 15 мыңға дейін сатылатыны да бар.
Ал жалпы 1-3 сыныптың бір ғана оқушысына толық оқу құрал-жабдығын алу үшін 35 мың теңге кетеді екен.
"Кеше үшінші сыныпта оқитын баласына бір ата-ана 35-40 мыңға толық құрал жабдығын менен сатып алды. Ал 7-сынып оқушысы 23-25 мыңға құрал-жабдық сатып алды", - дейді Ләйлә есімді сатушы.
Мектепке дайындық: базардағы баға
Ләйланың айтуынша, кеңсе тауарлары былтырғыдан 15%-ке қымбаттаған.
"Баға өсіп бара жатыр. Мәселен, біз дәптерді өзіміз 26 теңгеден сатып алып, 30 теңгеден сатамыз. Сол сияқты кез-келген затқа небәрі 5-10-15 теңгеден ғана үстіне қосамыз. Тауарым менің қолыма жеткенше 4 жеткізушінің қолынан өтеді. Төрт рет үстіне қосылады. Базардағы саудагерлердің барлығы тиындап қана пайда көреді", - дейді саудагер Ләйлә.
Бір оқушыға кететін шығын:
Костюм-шалбар - 30-35 мың теңге
Ақ жейде (1 дана) - 8-10 мың теңге
Туфли - 20 мың теңге
Крассовки 15 мың теңге
Ақ футболка (1 дана) - 5000 теңге.
Қорыта айтқанда, бір оқушыны жаңа оқу жылына толық дайындау үшін 100 мың теңге кетеді. Ал үйінде бір ғана оқушысы барлар некен-саяқ екенін ескерсек, әр отбасыға оқу жылына кемінде 200-300 мың теңге ақша керек.