Батыс Қазақстанда бір күнде үш адам суға кетті

Sputnik
АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында үш адам суға батып кетті, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Қайғылы оқиға 5 тамыз күні Бәйтерек ауданы Жайық-2 ауылында болған.
"Карьер" жасанды су қоймасында 16 жастағы жасөспірім батып кетті. Оның денесін жедел құтқару жасағының қызметкерлері сағат 19.00-де алып шықты.
Сондай-ақ, кеше сағат 19.11-де Орал қаласында "Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы" АҚ ауданында құтқарушылар 44 жастағы ер адамның денесін шығарды. Ол досымен бірге суда жүзіп жүргенде батып кеткен. Сосын оны досы Жайық өзенінің арғы бетіне шығарып қойған. Құтқарушылар мәйітті бергі бетке шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Тағы бір оқиға Ақжайық ауданы Жамбыл ауылдық округі "Дөңгелек" су қоймасында болды. 31 жастағы ер адам 4 тамыз күні сағат 22.00-де қайықпен суда жүзіп, белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Қайық судан табылған. 5 тамыз күнгі сағат 10.42-де іздестіру жұмыстары басталып, оның денесі бүгін 07.50-де табылды.
БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салады.