АСТАНА, 5 тамыз – Sputnik. Павлодар облысында екі әкім басқарып отырған ауылдарында тұрмайды. Өңір басшысы екеуінен де ауылға көшіп баруды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы облыс әкімі Асаин Байханов шаруа қожалықтарымен кездесуінде айтты.
Кездесуде "Абай" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Николай Миллер Ертіс ауданының Голубовка ауылдық округының әкімі ауылда тұрмайтынына, сол себепті тұрғындардың мәселелерін шұғыл шеше алмайтынына шағымданды. Сондай-ақ Шарбақты ауданындағы Сосновка ауылының әкімі де өзі басқарып отырған ауылдық округте тұрмайтын болып шықты. Өңір басшысы екі әкімнен ауылға бір айдың ішінде көшіп баруды талап етті.
"Мен сіздерге бір ай беремін, көшпесеңіздер, қайта сайлау өткізетін боламыз. Олар ауылдарда не болып жатқанын телефон арқылы қалай біледі?", - деді Байханов.
Кездесу кезінде фермерлердің басқа да мәселелері талқыланды.