АСТАНА, 5 тамыз – Sputnik. Көкшетау қаласында мас адам ұрланған көлікпен аялдаманы бұзып, дүкеннің қасбетіне соғылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады. Патрульдік полиция қызметкерлері апаттық сигналды қосып келе жатқан NISSAN PRIMERA автокөлігін тоқтатқан. Алайда жүргізуші қашып кетуге тырысқан.
Әшімов-Пушкин көшелерінің қиылысында бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп, жолдан шығып кетіп, автобус аялдамасына соқтығысқан, содан кейін көшеде орналасқан дүкен ғимаратының қасбетіне кіріп кеткен.
Қалалық полиция басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, жол апаты 3 тамызда кешкі сағат 21:20-да болған.
Бұл көліктің ұрланғаны анықталды, мас күйінде көлік ұрлау фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.
Жүргізушіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Көлік мамандандырылған тұраққа қойылды.