"Аяқ киімін аламын деп құлап кеткен": 5 жасар баланы каналдағы су ағызып әкетті

Sputnik
АСТАНА, 5 тамыз – Sputnik. Алматы облысында Іле ауданына қарасты Жомарт саяжайында 5 жасар бала суару каналына батып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Almaty телеарнасына сілтеме жасап.
Куәгерлер суға құлаған баланы көрген. Бірақ қуып жете алмаған. Судың ағысы қатты, бүлдіршінді арнаның бойымен алып кеткен.
"Қонаққа келгеніне 30 минут болды. Балалар ойнап кеткен. Каналдың беті ашық. Ойнап жүріп суға түскен аяқ киімін аламын дегенде өзі құлап кетіпті. Негізі канал жабық болуы керек қой, жабылмаған", – дейді марқұмның туысы Жиенғали Аманбаев.
Қара жамылған отбасының қайғысына ортақтаса келген ауыл адамдары ашық жатқан арықтан күнде өтетінін айтады. "Адам түгілі, түйені де ағызып әкетер судың ағысы тым адуынды", - дейді тұрғындар. Халық көрші ауылға қатынап оқитын балалар үшін алаңдайды. Олар күнде көпірден өтеді.
Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі баланы ағызып әкеткен арықтың құрылысына жауап бере алмайтынын айтты.
"Қазір қоршайды деп айта алмаймын. Егер біздің теңгерімде болса, нақты жауап берем едім. Ұзындығы - 8 шақырым. Балалардың қауіпсіздігін ойлайық, шет-шетін жабайық деп қанша адам жүрді", – дейді округ әкімі Жасұлан Оңалбаев.
Үш мыңнан аса халқы бар саяжай тұрғындары каналарнасын тоқтату керек ден санайды. Олай болмаған жағдайда соттасуға дайын. Ал аталған арық желілеріне жауаптымыз деген сала маманы халықпен тағы бір жиын жасайтынын жеткізді. Бірақ су арнасының қоршалу-қоршалмауы әлі белгісіз.