АСТАНА, 4 тамыз – Sputnik. 26 және 32 жастағы екі ер адам күйіп қалған "ЖаңаЖамбылфосфор зауытындағы" төтенше жағдайдың алдын ала себебі айтылды.
Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Қазіргі уақытта құрамына мемлекеттік орган өкілдері енген комиссия құрылды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала болжам бойынша - қауіпсіздік техникасы сақталмаған", - делінген зауыт хабарламасында.
Зауыттағы жұмыс тоқтатылды, оқиға болған жер қоршауға алынды.
Қазіргі уақытта жұмысшылардың бірі 22 проценттік күйікпен жансақтау бөлімінде жатыр. Екінші жұмысшы жалпы палатаға ауыстырылды. Оның денесінің 15 процентін күйік шалған.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысындағы "ЖаңаЖамбылфосфор зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде екі адам фосфорға күйіп қалды.
Оқиға бүгін, сағат 11:30-да болған. Зауыттың қойма аумағында танк-контейнерден сары фосфор шығарылған. Сол кезде 1991 жылы және 1997 жылы туған екі адам зардап шеккен.