АСТАНА, 4 тамыз – Sputnik. Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстанға кіру және болу тәртібіне өзгеріс енгізіледі. Премьер-министрдің қаулысы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Құжат жобасына сәйкес, көрші елдің азаматтары үш ай бойы сыртқа шықпай, жүре алады.
"Қазақстан Республикасы үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы 148 қаулысымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі және болуы, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуі қағидаларының 6-тармағының 16-абзацын қолданбай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап Қырғыз Республикасының азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болуға рұқсат етілген күнтізбелік тоқсан күн мерзім белгіленсін", - делінген қаулыда.
Құжатты қоғамдық талқылаудан өткізу мерзімі бүгін аяқталады. Ал алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Жаңа тәртіп 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін қолданылады.
"Қаулыны бекіту Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы қарым-қатынасты нығайтады, Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасында болуы үшін қолайлы жағдай жасайды", - делінген ішкі істер министрінің түсіндірме жазбасында.