АЛМАТЫ, 3 тамыз – Sputnik. "Техникалық байқау" құжаты цифрлық форматқа ауысады, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Таяу арада көлік жүргізушілеріне қағаз жүзіндегі "техникалық байқау" құжатын алып жүру қажет болмайды.
"Енді "Техникалық байқаудың диагностикалық картасы" электронды үкіметтің мобильді қосымшасының жеке кабинетінде сақталады. Қазір IT мамандары арнайы сервисті әзірлеп, техникалық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Интеграциялық жұмыстардан кейін осы қызметтің пилоттық нұсқасы алдағы 1 қыркүйекте EgovMobile платформасында іске қосылады", - дейді ведомство.
Бұл жобаның жоспарына сәйкес құжаттың цифрлы нұсқасы қадағалаушы органдардың дерекқорында сақталып, оны онлайн режимде тексеруге болады.
Министрліктің есебінше, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, қоғамның сенімін арттырады.
Айта кетері, биыл көктемде VIII шақырылымдағы парламенттің алғашқы сессиясында мемлекет басшысы үкіметке цифрландыруды күшейтіп, бюрократиялық рәсімдерді барынша азайтуды тапсырған болатын.