АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Алматы қаласында жас жігіт егде жастағы ер адамды соққыға жықты. Ал оның досы бәрін видеоға түсіріп тұрған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде тараған видеода спорттық киім киген жасөспірім "Че там?" деген сөзбен ер адамның алдынан шығады. Осы кезде жасөспірім ер адамды шықшыттан бір ұрады. Жәбірленуші айналып кеткенде тағы екі соққы жасайды. Ер адам жерге сұлап түсті.
Алматы қалалық полиция депаратменті бұзақыны тапты. Ол 2007 жылы туған "Ж" есімді мектеп оқушысы болып шықты.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тергеу шаралары басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін 2 000 айлық есептiк көрсеткiшке (6 900 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жүмыстары немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, я болмаса, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.