Қазақстан мен Грузия арасында өзара сауда көлемі 30 процентке өсті

Sputnik
АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Алматыда Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили сауда, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады, деп үкіметтің баспасөз қызметі.
Грузия - Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі.
Жалпы, осы жылдың 6 айында өзара сауда көлемі шамамен 30% өсіп, $190 млн құрады, бұл ретте сауда көлемін одан әрі арттыру үшін үкіметаралық комиссия жұмыс істейді.
Премьер-министр екіжақты қарым-қатынаста транзиттік-көлік секторындағы ынтымақтастыққа басымдық берілетінін атап өтті.
Мәселен, бүгінде екі ел арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы әріптестік қарқынды нығайып келеді.
Өткен жылдың 6 айының қорытындысына сәйкес Орта дәліз бойынша жүк тасымалдау көлемі 77% өсіп, 1,3 млн тоннаны құрады.
Әлихан Смайылов қол жеткен уағдаластықтар осы дәліздің одан әрі дамуына қосымша серпін бергенін айта кетті.
Атап айтқанда, цифрландыру, тасымалдауға тұрақты тарифтерді бекіту және бірыңғай логистикалық оператор құру жөніндегі мәселелердің ілгерілеуі ерекше маңызға ие болды.
"Біз аймақтың көлік байланысын арттыруға және транзиттің жағдайын жүйелі түрде жақсартуға мүдделіміз. Жалпы алғанда, Қазақстан Үкіметі Қазақстан-Грузия әріптестігінің барлық сала бойынша серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін көп жоспарлы жұмысты жалғастыруға ниетті екенін ерекше атап өткім келеді", — деді премьер-министр.
Өз тарапынан Ираклий Гарибашвили Грузияның екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша Қазақстанмен тиімді өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін растады.
"Бұған дейін біз екі ел үшін де қызығушылық тудыратын жобаларды жүзеге асырудың ауқымды жоспарларын талқылаған болатынбыз. Біз Орта дәлізді дамытуға және осы бағыттағы бірлескен жоспарларға үлкен көңіл бөлеміз. Тиісті Жол картасына қол қойылды. Мен жақында Қытайға бардым, Қытай үкіметімен жақсы пікірлестік. Мен біздің жоспарымызды, ТХКБ болашағының жол картасын айттым. Біздің ынтымақтастығымыз әрі қарай да тиімді болады деп ойлаймын", — деді Грузия премьер-министрі.