АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Қарағанды облысында балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының міндетін атқарушы және 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Бұл туралы облыс басшысы Ермағамбет Бөлекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылды. Мамандар осы оқиғаның мән-жайын анықтайды. Ал арнайы прокурорлар қылмыстық істі тергеуге кірісті.
"Орталық директорының міндетін атқарушы және 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Олардың орнына басқа мекемелердің медицина қызметкерлері уақытша істей тұрады. Бұдан бөлек, орталыққа медициналық бригадалар жіберілді. Олар балаларды қарап, мониторинг жүргізеді", - деді Бөлекбаев арнайы брифингте.
Мамандар орталық стационарында тұратын 147 баланы бақылауға алды.
"Мен қайтыс болған баланың ата-анасына қайғырып көңіл айтамын. Қазір ауруханада жатқан балалардың денсаулығын қалпына келтіруге барлық күшімізді жұмылдырдық. Дәрігелер қолда бар көмегін жасап жатыр", – деді облыс әкімі.
Осы орайда әкім әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа да түсініктеме берді. Халық арасында жергілікті билік кеш қимылдады деген пікір бар.
"30 шілде күні екі бала ауруханаға түсті. 31-інде, яғни, кеше тағы 10 бала түсті. Біз бірден арнайы комиссияны құрып, осы жағдайды зерделеуге кірістік. Мен өзім ауруханаға барып, балаларды аралап шықтым. Тапсырма бердім, бірден қылмыстық іс қозғау бойынша полиция бастығына хабарластым. Бүгін бәрін түсініп алғаннан кейін таңертең ақпарат тараттық", – деп атап көрсетті әкім.