Қызылордада құмар ойынға салынған ер адам банктен 600 млн теңге ұрлап кеткен

Sputnik
АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Қызылорда қаласында банк қызметкері 600 млн теңгеден астам ақшаны ұрлап, құмар ойындарға жұмсап тастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңгенің жетіспей тұрғаны анықталды. Сөйтсе, контроллер-кассир ақшаны кассадан ұрлап жүрген. Бір күні миллион теңге ұрласа, одан кейін 4 миллионды тығып шыққан. Осылайша, екі жылдың ішінде 600 миллионнан астам теңгені алып кеткен.
"Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді, онда кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлау фактілері тіркелген", - дейді агенттік мамандары.
Күдікті өз кінәсін толығымен мойындады. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
"Букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотына қатысты ақпарат алынды. Соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге түскені анықталды. Сонымен қатар, оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті", - деп атап көрсетті тергеушілер.
Қазіргі кезде күдікті қамауға алынды.