Президент бәсекелестікті дамыту бойынша қосымша ұсыныстар дайындауды тапсырды

Sputnik
АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке биылғы бірінші жартыжылдықтағы бәсекелестік жағдайы және негізгі тауар нарықтарындағы бәсекелестікке кедергі келтіретін тосқауылдар жөнінде есеп берілді.
Мемлекет басшысына монополияға қарсы тергеу амалдарының аралық нәтижелері, экономиканы монополиядан арылту және бәсекелестікті дамыту үшін қабылданған шаралар, сондай-ақ монополияға қарсы органның рөлін күшейту мәселесі туралы баяндалды.
Жыл басынан бері монополияға қарсы заңнаманы бұзу деректері бойынша 48 істі тергеу аяқталды. Сондай-ақ 33 іс тергеліп жатыр. Бұл ретте жосықсыз нарық субъектілеріне 3,5 миллиард теңгеден астам айыппұл санкциясы салынды. Соттың қарауында 40-тан астам монополияға қарсы іс бар.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының негізгі салаларын монополиядан арылту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру ісін жалғастыруды және бәсекелестікті дамыту бойынша қосымша ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Ұялы байланыс қызметінің бағасын мемлекет реттемек: не өзгереді