АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Астанадағы Қазақстан-Ауғанстан іскерлік форумына келетін кәсіпкерлер туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Іскерлік форум 3-5 тамызда өтеді. Осы іс-шараға 200-ден астам ауған бизнесмені келеді. Оларды сауда министрі Нұриддин Азизи бастап келеді. Делегацияда бизнесмендер ғана емес, энергетика, телекоммуникация, орталық банк өкілдері де бар.
"Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Ауғанстанмен ең көп сауда жасайды. Былтыр екі жақты сауда-саттықтың айналымы 1 миллиард долларға жетті. Жақын жылдары осы көрсеткішті 3 миллиардқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Біздің бағалауымыз бойынша Қазақстан Ауғанстанға қосымша 500 миллион долларға тауар экспорттай алады", - деді Төребаев сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің ішінде кілем, сусындар мен асыл тас өндірушілері, сондай-ақ басқа да бизнесмендер бар.
"Ауғанстан Қазақстанға көкөніс, жаңғақ және тағы басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсына алады. Ауған кілемдері жоғары сапалы және ерекше дизайнмен танымал. Ал Герат провинциясында өсірілетін шафран жоғары бағаланады. Баршаңызды 4-5 тамыз аралығында өтетін Ауғанстан тауарларының көрмесіне шақырамыз. Сол жерде ауған кәсіпкерлерінің ең танымал тауарлары ұсынылады", - деп атап өтті вице-министр.
Ал сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумаш іскерлік форум тек екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды күшейтуге ғана арналып отырғанын ерекше атап өтті. Ауғанстан арқылы жаңа сауда жолдарын ашуға мүмкіндік бар.
"Атап айтқанда, оңтүстікке қарай жаңа көлік-логистикалық бағытты дамытып, Пәкістан жаққа шығуға болады. Ол жақта нарықтың көлемі шамамен 220 миллион адамды құрайды. Сосын Пәкістанның Карачи мен Гвадар порттары бар. Олар арқылы Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс елдеріне шығуға мүмкіндік бар", - деп атап өтті Төребаев.
Айта кетері, Қазақстан-Ауғанстан іскерлік форумы "Expo Center" көрме орталығында өтеді.