Алматы облысында тағы бір балалар лагері тексеріледі

Sputnik
АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Алматы облысында тағы бір лагерьге прокуратура тексеріс жүргізеді, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желіде жұпыны балалар лагерінің фотосы жарияланды.
Бұл – Алматы облысы Қонаев қаласының сол жағалауындағы "Текелі" демалыс аймағында орналасқан "Бәйтерек" жазғы сауықтыру лагері. Ата-аналар балалардың жұпыны бөлмеде ұйықтап жатқанын фотоға түсіріп алған.
"19 шілдеде жекеменшік "Бәйтерек" лагеріне Қонаев қаласының білім бөлімі тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізілді. Тексеру кезінде лагерьдің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама рұқсаты бар екені және Сарқан қаласының оқушылары демалып жатқандығы анықталды. Бұл жекеменшік лагерьге бүгінгі күнге дейін Алматы облысының оқушылары бармаған", - дейді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы облысы әкімдігінің айтуынша, лагерьде демалып жатқан балалар Жетісу облысындағы Сарқан қаласынан көрінеді. Сондай-ақ ведомство 31 шілде сағат 15.00-де облыстық прокуратура қызметкерлері лагерьді тексеруді бастайтынын айтты.