АЛМАТЫ, 29 шілде - Sputnik. Жамбыл облысында 80 млн теңгенің аммофос тыңайтқышын ұрлады деген күдікпен қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Наурыз-шілде аралығында белгісіз адамдар Шайқорық теміржол станциясындағы жылжымалы вагондардан алыс, жақын шетелге және Қазақстанның басқа өңірлеріне экспортталатын "Қазфосфат" ЖШС өндірген аммофос тыңайтқышын бірнеше рет ұрлаған. 22 шілдеден 23 шілдеге қараған түні станцияда екі "Газель" көлігі ұсталды. Көліктерге жүк тиеп жатқан 8 адам ұрлық үстінде қолға түсті", - деп хабарлады полицейлер.
Келтірілген залал 80 миллион теңгеден асады. Күдіктілерден 5 тонна 700 келі аммофос, 2 көлік және шаруашылық заттары тәркіленді. Ұсталғандар кінәсін мойындаған.
"Ұрыларды Тараз станциясындағы желілік полиция басқармасы қызметкерлері "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қауіпсіздік департаменті қызметкерлері бірлесіп ұстады", - делінген хабарламада.
Қазіргі күні ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталғандардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.