АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Елде адам саудасы бойынша жыл басынан бері 100-ден астам қылмыс тіркелді. Бұл туралы Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Самат Құсетов айтты, деп хабарлады Хабар 24.
Оның айтуынша, қылмыстардың бесеуі эксплуатациялау мақсатында бостандығынан заңсыз айыру, ал 14-і жезөкшелікке тарту фактісі болған.
Азаматтардың құқықтық сауатының болмауы, арзан жұмыс күшінің қолжетімділігі, интернеттің ықпалы және шетелдіктердің "заңсыз" мәртебесі құлдыққа түсуге себеп болады.
"Жыл басынан бері 110 қылмыс тіркелді. Олардың көбі сексуалдық эксплуатациялау, еңбекке мәжбүрлеу, асырап алу үшін жаңа туған балаларды сату, қайыр сұрату мен адам ағзасын саудалау мақсатында жасалған", - дейді Самат Құсетов.
Адам саудасымен айналысатындар материалдық жағдайын жақсарту үшін түрлі әрекетке барады. Қазіргі таңда ұйымдасқан 5 қылмыстық топтың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды.