Ұялы байланыс қызметінің бағасын мемлекет реттемек: не өзгереді

Sputnik
АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Мемлекет ұялы байланыс қызметінің бағасын реттеуді жоспарлап отыр. Заңға өзгеріс енгізетін арнайы құжат әзірленді. Ал ұялы байланыс операторлары шұғыл тариф бағасын көтеруге кірісті. Оған цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің "арзан тарифтерге" қатысты әңгімесі де әсер еткен болуы керек. Бірақ бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өз бастамасын соңына дейін жеткізуге мүдделі. Sputnik Қазақстан тілшісі екі тараптың да пікірін білді.

Ұялы байланыс операторлары жаңа бастамаға қарсы

Beeline мемлекеттік реттеуге үзілді-кесілді қарсы. Компания мамандарының айтуынша, мемлекет ұялы байланыс бағасын реттеуге кірісетін болса, осы салаға тартылатынинвестицияның көлемі азаяды. Ал инвестиция азайса, байланыс пен интернеттің сапасы төмендейді. Бүгінде бір адамға кететін мобильді интернеттің трафигі жыл сайын артып келеді.
"Инвестиция салынбаса, желінің жүктемесі арта түседі. Себебі бір базалық станцияның өзіндік ресурсы бар, шамадан тыс жүктеме түсе берсе, байланыстың сапасы нашарлайды. Ондай кезде халықтың наразылығы күшейеді, арыз-шағым көбейеді, айыппұл да көп салынады. Демек осы салаға құйылатын инвестициялар тағы азаяды", - дейді компанияның баспасөз қызметі.
Осы орайда ұялы байланыс операторлары 2022 жылғы Internet Accessibility Index рейтингісін алға тартып отыр. Оған сәйкес, Қазақстан ең арзан интернет-тариф бойынша 5-ші орыннан көрінді. Былтыр қазақстандықтар 1 Гигабайт үшін 0,8 доллар төлеген.
"Ал телекоммуникациялық құрал-жабдықтар барлық мемлекетке бірдей бағамен сатылады. Қазақстанда халық тығыз тұрмайды, елдің территориясы үлкен. Ондайда базалық станцияларды көптеп салу керек", - деп атап өтті мамандар.
Tele2 де мемлекеттік реттеуді қолдап отырған жоқ. Себебі "ондай шарадан кейін бірде-бір мемлекетте баға төмендемеген, ұялы байланыстың сапасы да жақсармаған". Ал халықтың виртуалды қызметтерге деген сұранысы барған сайын артып келеді.
"Біздіңше, ұялы байланыс қызметтерінің бағасын мемлекеттік реттеу жүйесі қалыптасқан нарықты тежейді. "Мемлекеттік реттеу" дегеніміз, ол – бірыңғай тарифтер. Ал ондай жүйе бәсекелестікке қайшы. Бүгінде ұялы байланыс операторлары бағалар мен өнімдерді ұсыну жағынан өзара жарысады, тиімді тарифтер жасауға тырысады. Ал тарифтерді мемлекеттік деңгейде реттеу шарасы нарықтық механизмдерді бұзады", - дейді компания мамандары.
Tele2 қазіргі ұялы байланыс нарығында монополизация жоқ деп санайды. Үш оператордың арасында жоғары бәсекелестік бар көрінеді.

Монополизация шынымен де жоқ па?

Бүгінде Қазақстанда 3 ұялы байланыс операторы бар. Соның ішінде "Kcell" АҚ (Kcell/Activ) және "Мобайл Телеком – Сервис" ЖШС (Tele2/Altel) "Қазақтелеком" компаниясына кіреді. Екеуі нарықтың 62 процентін ұстап отыр. Ал жекеменшік "Кар-Тел" ЖШС (Beeline) қалған 38 проценткеқызмет көрсетеді. Осылайша ұлттық компанияның құрамына кіретін екі компания нарықтың басым бөлігін қамтып отыр. Ал бәсекелестік туралы заң бойынша екі компания бір құрылымға кірсе, олар бір субъект ретінде қарастырылады. Демек қазір ұялы байланыс нарығында екі субъект – Қазақтелеком мен Beeline өзара "бәсекеге" түсіп жатыр.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетовтың айтуынша, отандық ұялы байланыс нарығында монополия қалыптасты.
"Жалпы алғанда аталған мобильді операторлар нарықтың 100% үлесіне ие. 2022 жылдың соңында 5G желісінде радиожиіліктерді бөлу бойынша өткізілген аукциондардың қорытындысы да нарықтың монополиялық құрылымын күшейтті. Сол кезде "Қазақтелеком" тобы жеңімпаз деп танылып, 5G желісінде қызмет көрсету бойынша 100% монополияны алды", - дейді Сәмбетов.
Былтыр мемлекет басшысы бәсекелестікті қорғау мен дамыту тұжырымдамасын бекіткен. Оған сәйкес, "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобын кезең-кезеңімен монополиясыздандыру жоспарланған. Үкімет осы бағытта белгілі бір жұмысты бастаған. Бірақ артынан Қазақтелекомды монополиясыздандыру шаралары сиырқұйымшақтаныпкетті.

Мемлекеттік реттеу шарасы уақытша болады

Монополиялық нарықта әділ тарифтің болуы екіталай. Сондықтан бәсекелестікті қорғау агенттігі үкімет осы нарықты толығымен монополиядан тазартқанша мемлекеттік реттеу жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Ол үшін ұялы байланыс қоғамдық маңызы бар нарық ретінде қарастырылады.
"Ал Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, мемлекет қоғамдық маңызы бар нарықтардағы кәсіпкерлік субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, қызметтеріне бағалар мен тарифтерді реттей алады. Бұл ретте бағаларды реттеу және баға белгілеу тәртібінің сақталуын мемлекеттік бақылау тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында жүзеге асырылады", - деп атап өтті Сәмбетов.
Ал ұялы байланыс қызметі қоғамдық маңызы бар нарықтар тізбесіне енгізілген жағдайда тарифтерді байланыс саласындағы уәкілетті орган, яғни, министрлік реттейді. Баға ашықтығы болады. Бұл дегеніміз, халық не үшін төлеп отырғанын біліп жүреді.

Ұялы байланыс тарифтері өсті

Ресми мәліметке сәйкес, 2021-2022 жылдары байланыс операторларының тарифтік жоспарларға қойған бағасы 37 процентке артқан. Ал биыл тағы да өсті.
Мәселен, сәуір айында Beeline "Жарқын" тарифтік жоспарының құнын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін (өсім 39%) көтерді. "Қазақтелекомның" еншілес компаниялары - Kcell мен Теле2 де қалыспай отыр. Біріншісі тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарларға, соның ішінде "Нақты лимитке" бағаны 3 390 теңгеден 4 390 теңгеге (өсім 29%) дейін көтеретінін мәлімдесе, екіншісі "Жай суперді" 2590 теңгеден 3290 теңгеге дейін (өсім 27%) өсіретінін хабарлады.
Ал осы салада мемлекеттік реттеу енгізілсе, тарифтердің бағасы арзандауы мүмкін. Ең бастысы, халық төлеп жатқан ақшасы қайда кетіп жатқанын біліп отырады.
Агенттік осы саясатты ұялы байланыс нарығы толығымен монополиядан құтылғанша жүргізуге мүдделі. Ол үшін Kcell мен Теле2 бөлек шығып, Beeline-мен ашық бәсекеге түсуі керек. Олардың қатарына тағы бірнеше жекеменшік оператор қосыла, ұялы байланыс тарифтері әділ әрі арзан болады.