АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты 8 адамды алдаған ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Astana TV арнасына сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы жәбірленушілерді ломбардтағы телефонын сатып алуға сұраған. Ал ақшаны Qiwi қосымшасы арқылы банк картасына жіберемін деп отырған. Сосын түбіртекті көрсетіп, тайып тұрған. Ол біршама уақыттан кейін ақшаның жіберілмегені туралы хабарламаның келетінін білген. Себебі өзінің есепшотында қажетті сома болмады.
Осылайша, сотталушы астаналықтарды 625 мың теңгеге алдап кеткен. Сотта ер адамның кінәсі толығымен дәлелденді. Түбіртектің көшірмелері, фотолар көрсетілді. Сотталушы жеті адамның материалдық шығынын да өтеп берді. Бұның барлығы жазаның жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алынды.
Оған қоса, сотталушының кәмелет жасқа толмаған баласы бар. Бірақ әкесі қылмысты қайта жасап отыр. Сондықтын жазасын күшейтуге шешім қабылданды. Сот үкіміне сәйкес, 8 адамды алдаған алаяқ үш жылға бас бостандығынан айрылыды. Үкім заңды күшіне енді.