АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Алматының 38 жастағы тұрғыны автокөлік жүргізушілерінің антирейтингінде көш бастады. Ресейде тіркелген Toyota Camry иесінің айыппұлы 4,5 млн теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жүргізушінің көлік айдап жүргеніне бірнеше жыл болған. Жол ережелерін бір емес, бірнеше рет бұзған. Айыппұлдарды да уақытында төлемеген.
"Мені полиция қызметкерлері ұстады, көлігімді айыппұл тұрағына қойды. Айыппұл 4,5 млн теңгеден асып кеткен. Амал жоқ, төлеуге тура келді. Айыппұлды төлегеннен кейін қатты күйзеліске түстім, тіпті дәрі-дәрмектің көмегіне жүгінген кездерім болды. Болашақта мұны қайталамаймын. Осыншама ақшаны төлеу өте ауыр болды. Сол себепті алматылықтарды, республика тұрғындарын жол ережелерін сақтауға шақырамын", – деп кеңес берді құқықбұзушы.
Антирейтингке кірген тағы бір жүргізуші – BMW көлігінің иесі 1 млн 362 мың 750 теңге айыппұл төлемеген.
Жалпы небәрі үш күнде Алматы жолдарында жол ережелерін өрескел бұзып, айыппұл төлемеген 33 жүргізуші ұсталды.
Айта кетері, Алматы полициясы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатындарды автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы анықтайды.