АСТАНА, 27 шілде – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Дубайда ұсталған "Оператор РОП-тың" бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұқтарованы Қазақстанға экстрадициялады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Бас прокуратурасы мен Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінен халықаралық іздеуде жүрген "Оператор РОП" ЖШС-ның бұрынғы құрылтайшысы Ш. Мұқтарованы Қазақстанға экстрадициялады", - делінген хабарламада.
Ол "Оператор РОП" ЖШС бас директоры С. Коротенкомен бірге 920 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінген.
Осы жылдың 27 шілдесінде сағат 19:01-де Мұқтарова Астана қаласының әуежайының аумағында ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.