Қоғам

Алматы тауларында сел қаупі жоғары деп жарияланды

Sputnik
АСТАНА, 27 шілде – Sputnik. Алматының төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтардан сел тасқыны қаупіне байланысты Іле-Алатау тауларына бармауды сұрады.
Қазгидрометтің дабылды ескертуіне сәйкес, 28 шілдеде Алматы қаласында және оған іргелес таулы жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және найзағай болжанып отыр.
"Соңғы 13 күнде ауа температурасының жоғарылауына байланысты Алматы тауларында гляциалды (мұздық) және нөсерлі сипаттағы сел қаупінің жоғары дәрежесі байқалады. Гидрометеорологиялық және сел жағдайының талдауына сәйкес, қатты жаңбыр жауған кезде сел жүруі мүмкін", - деп хабарлайды Алматы қаласы ТЖ департаменті.
Осыған байланысты Алматыда орналасқан құтқару бөлімшелері, қалалық азаматтық қорғау қызметтері, аудандық әкімдіктер, азаматтық қорғау қызметтерінің авариялық-құтқару, инженерлік техникасы жоғары дайындық режиміне келтірілді.
Ал Қазселденқорғау бөлімшелері сел қаупі бар учаскелерде бақылаудың жеделдетілген режиміне ауыстырылып, аэровизуалды және жергілікті бақылау жүргізілуде, инженерлік-техникалық қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.
"Құрметті туристер, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары. Сел тасқынына қалып қалған жағдайда, құтқарылуға мүмкіндік жоқ. Сел тасқыны қаупіне байланысты Іле-Алатау тауларына бармауды сұраймыз", - деді ТЖ департаментіндегілер.
Сел қаупі бар жерлерде не істеу керек:
таудағы жағдай туралы БАҚ хабарларын үнемі қадағалап отыру;
егер қауіп төнсе немесе кенеттен сел жүрсе, рельефтің ең биік нүктесіне көтерілу;
сел қаупі бар каналдардың жанында, көл көпірлерінде (бөгеттерде) және олардың астында шатыр тікпеу, демалуға аялдамау.