АСТАНА, 26 шілде - Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Кеңес барысында кәсіпорынға экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудит жүргізу барысы талқыланды.
Бұл жұмыс халықаралық консультанттардың қатысуымен жүргізіліп жатыр.
Кеңеске министрлер, бас прокуратура, қаржылық мониторинг агенттігі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 3 қарашасында "АрселорМиттал Теміртауға" қарасты Ленин атындағы шахтадан газ шығып, салдарынан 5 адам мерт болған еді.
Тексеріс нәтижесі бойынша комиссия аталған оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болған деген қорытындыға келді.
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жеткенін мәлімдеді. Президент тексеру жұмыстарына зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тартуды ұсынды.