АСТАНА, 26 шілде – Sputnik. Биыл 1 тамыздан бастап Астана халықаралық әуежайының автотұрақ тарифіне өзгеріс енеді. Тұрақ құны екі есе өседі.
"Тамыз айының басынан P1, P2, P3 аймағындағы автотұрақ бағасы 100 теңгеден 200 теңгеге көтеріледі. Ал P4, P5, P6 аймағындағы көлік тұрағының бағасы сағатына 50 теңгеден 100 теңгеге өзгереді", - деп хабарлайды әуежайдың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ отырғызу-түсіру экспресс жолағын теріс пайдалану фактілерінің көбеюіне және жолаушылардан келген шағымның артуына байланысты 15 минуттық тегін отырғызу-түсіру жолағына тәулік ішінде үшінші рет немесе одан да көп кірген жағдайда жаңа тариф бойынша 300 теңге төлеу қажет болады.
"Автотұрақ тарифінің өзгеруіне коммуналдық тарифтердің өсуі себеп. Дегенмен әуежайдағы автотұрақ бағасы тасымалдаумен айналысатын өзге нысандардағы бағадан едәуір арзан. Әуежайдағы жабық тұрақтың құны өзгеріссіз қалады. Жабық тұрақ ішкі рейстер орындалатын T2 терминалының оң жағында орналасқан. 274 орынға шақталған жабық тұрақтың құны 12 сағатқа 1400 теңге. Тәулігіне 1800 теңге. 12-24 сағат аралығында 2000 теңге", - делінген хабарламада.
Астана әуежайы ақылы тұрақтарға балама ретінде жабық тұрақтың тура жанында тегін тұрақ орналасқанын еске салды. Тегін тұрақ көбіне жартылай бос болады.