Қоғам

Күзгі жиын-терін: фермерлер дизель отынын арзанға сатып алады

Sputnik
АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер дизель отынын қазіргі бөлшек сауда бағасынан 14,8%-ке арзанға сатып алады, деп хабарлайды энергетика министрлігі.
Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігінің және әкімдіктірдің өтінімдері негізінде күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 426 мың тонна дизель отынын бөлді.
Энергетика министрлігінің фермерлерге ұсынған бағасы тоннасына 284 мың теңге, мұнай өңдеу зауыттарында 1 литр үшін 239 теңге.
Дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлардың жеткізу өңіріне және шығыстарына байланысты фермер үшін орташа баға 1 литр үшін шамамен 257 теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта жанар-жағармай құю станцияларында дизель отынының шекті бөлшек бағасы – бір литр үшін 295 теңге. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге күзгі жиын-терінге 14,8% немесе 38 теңге жеңілдік жасалады.
Қазақстанда күзгі жиын-терін жұмыстары шілде айынан қараша айын қоса алғанда жүргізіледі.
Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін бөлу және фермерлерге дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындау процесіне қатыспайды.