АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Маңғыстау облысында теңізге үрлемелі матраспен шығып, жоғалып кеткен үш қыз табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 24 шілде күні үрлемелі матраспен Каспий жағалауында дем алып жүрген үш қызды жел ашық теңізге ұшырып алып кеткен. Содан кейін іздестіру шаралары қолға алынды. Оған басқа ведомстволар да тартылды.
"Ақтаудан 51 шақырым шалғай жерде төтенше жағдайлар департаменті, ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мен полиция департаменті үш қызды іздестіру шараларын жүргізді", - дейді департамент мамандары.
Іздестіру шараларына "Қазәуеқұтқару" АҚ тікұшағы да тартылды.
Ал 25 шілде күні таңертең із-түзсіз жоғалып кеткен қыздар аман-есен табылған.
"Бүгін таңғы сағат 6-да "Қазтеңізкөлікфлоты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты "Сұңқар" кемесінің экипажы жағалаудан 22 шақырым шалғай жерде үш қызды құтқарды. Олардың денсаулығы бірқалыпты, медициналық көмек көрсетілді", - дейді құтқарушылар.