Димаштың атасы туралы деректі фильм түсірілді

Sputnik
АЛМАТЫ, 24 шілде – Sputnik. Димаштың атасы Құдайберген Айтбаев жайлы фильм түсірілді.
Деректі фильм "Тектілік тұғырынан таймаған Құдайберген Айтбаев" деп аталады.
Шежірелі қарттың өмір тарихын, өнегелі әулеті мен ұрпақтарының өмірдегі және өнердегі жетістіктері туралы фильм "Хабар"арнасынан көрсетілді.
Димаш Құдайберген атасымен
"Ұрпағын ұлттың баласы етіп тәрбиелеген абыз ақсақалдың шаңырағы "Мерейлі отбасы"атанғанын жақсы білесіздер. Текті әулеттен шығып, өнер әлемінде қанатын кең сермеген Димаш Құдайберген – атасы мен апасының ерекше қамқорлығын көріп, өнегесіне сусындаған өрен. Қоғамға отбасылық құндылықтарды насихаттап, дәріптеуде Құдайберген ақсақалдың әулетін үлгі ретінде ұсынған дұрыс", - деді "Хабар" агенттігінің басшысы Берік Уәли деректі фильм жайлы айтқан пікірінде.
Құдайберген Айтбаев биыл 82 жасқа қараған шағында дүние салды. Осыдан бес жыл бұрын Димаштың ата-әжесі шаңырақ көтергендеріне елу жыл толуына орай "Алтын тойларын"өткізген. Ал 2019 жылы ақсақал мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде еңбек сіңірген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі жоғары бағаланып, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған болатын.