Атырауда түнгі клубтың күзетшілері жас қызды тепкілеп тастады – видео

Sputnik
АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Атырау қаласындағы түнгі клубтың алдында жас қызды тепкілеп тастаған күзетшілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Atyrau press порталына сілтеме жасап.
Полицияға арыз түсірген қыз әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын баяндап, бейнекамераға жазылған видеоны жариялады.
"Олар басында менімен танысқысы келген, клуб жабылғасын бірге уақыт өткізейік деді. Мен келіскен жоқпын. Содан келеке етіп, басқаша сөйлесе бастады", - дейді жәбірленуші.
Таңғы сағат беске қарай ол далаға телефонмен сөйлесу үшін шыққан. Бірақ әлгі күзетшілер қайта кіргізбей қойған.
"Темекіні тастамадың деді. Жарайды, тастадым. Бірақ сонда да кіргізбейқойды. Дөрекі сөйледі, кетіп қалшымына жерден, сені бұнда енді ешкім кіргізбейді деді. Мен ашуланып, кіремін деп тұрып алдым. Әкімшіні шақыруды талап еттім. Ал кіруге ұмтылғанымда маған қарсы күш қолданды. Ұрды, басымнан тепті", - дейді жәбірленуші.
Видеода күзетшілердің жас қызды ұрғаны анық көрініп тұр. Ол бірнеше рет жерге құлаған. Бір күзетші оның аяқ киімін лақтырып тастаған. Ал екіншісі басынан бір тепкен.
Сол күні жәбірленуші полиция шақырды. Бірақ тәртіп сақшылары кеш келген. Күзетшілердің бәрі тарап кеткен. Есік ашқан әкімші ештеңе көрмедім деп шыққан. Видеоны да бірден бермеген.
Атырау облыстық полиция департаменті қызды ұрған күзетшілердің кім екенін анықтады. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл оқиға 11 шілде күні болған.
"Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 2-бөлігі (Бұзақылық, адамдар тобымен жасалған әрекет) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталды, жәбірленушіге сот-медициналық сараптама тағайындалды", - дейді полицейлер.
Айта кетері, мұндай қылмыс үшін 5 000 айлық есептiк көрсеткiшке (17 250 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.