АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Астанада жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар ұсыну конкурсына қатысу үшін кәсіпкерлерден өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Гранттар 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында беріледі. Байқауды қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы өткізеді.
Өтінім тек kezekte.kz порталы арқылы 2023 жылғы 7-16 тамыз аралығында онлайн қабылданады.
Конкурсқа өз қызметін экономиканың басым секторлар аясында жүзеге асыратын, мемлекеттік грант алу үшін өңірлік үйлестірушіге жүгіну кезінде мемлекеттік тіркелуі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелген (әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілер реестріне енгізілген) кәсіпкерлер қатыса алады.
Мемлекеттік гранттар кімдерге берілмейді
қайта ұйымдастыру, тарату немесе банкроттық сатысындағы, сондай-ақ қызметі Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатылған;
мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар;
негізгі қызмет түрі жылжымайтын мүлікті жалға беру болса;
мемлекеттік грант алуға өтінім беру кезінде ұсынылатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20% мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды қоса қаржыландыруды растамаған;
мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушылары реестрінде тұрған;
конкурсқа қатысушының кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар;
бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша қолдау алғандарға;
конкурс өткізілетін өңірге сәйкес келмейтін басқа өңірде тіркелгендерге және бизнес-жобаны іске асыруды жоспарлап отырғандарға берілмейді.
Конкурстық комиссия өтінімдерді қарау кезінде мынадай өлшемшарттар негізінде баға береді:
бизнес-идеялардың жаңашылдығы;
бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі;
бизнес-жобаның қолданысқа енгізуге дайындығы.
Толығырақ ақпаратты 55-69-21, 55-69-03, 55-69-10, 55-69-19 телефон нөмірлері арқылы алуға болады.